Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

02 ақпан 2022

56

Жаңалықтар

«Халал оқыту орталығында» қасапшыларға семинар өтті

Бүгін, «Халал оқыту орталығында» «Макинск құс фабрикасы» қасапшылары мен қасапшылыққа жауапты мамандарына арналған оқу-семинары өткізілді. «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлының төрағалығымен өткізілген семинарда Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов, ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев дәріс оқыды.

«Қазақстанда өнеркәсіптік құс өсіру қазіргі кезде мал шаруашылығының неғұрлым дамыған салаларының бірі. Республикада құс етін өндіру көлемі бірте-бірте ұлғайып келеді. Алайда, шариғат және халал стандарт талаптарына сай құс фабрикалардың саны аз. Қазіргі таңда «Халал Дамудың» бақылауында 20-дан астам құс фабрикалары бар. Ал, осы құс фабрикаларындағы ең негізгі талап – құсты қолмен, шариғатқа сай бауыздау. Сол себепті әр қасапшының халал туралы толық әрі терең мағлұматы болуы біз үшін маңызды. Қазақ «тауық сойса да қасапшы сойсын» деген. Бір қарағанда оңай секілді көрінген қасапшылықтың шариғатымызда бекітілген, халал стандартымызда нақтыланған өзіндік талаптары мен ерекшеліктері бар. «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды, сондықтан малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар», – деген сөзі бар» – деген Айбек Асқарбекұлы халал стандартқа сай мал бауыздау ет өңдеудің негізгі ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

Семинар барысында Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов құс кәсібі мен жем азығына қойылатын шариғат талаптарға тереңірек тоқтала отырып, малды Алла Тағала адам ризығы үшін жаратқан десек те оның өзінше тәртібі, міндеттері және союдың әдебі бар екенін түсіндірді. Малды Алланың атымен бауыздамауы және пышақпен емес, қинап электр тогымен немесе басынан ұрып өлтіру малдың етін жарамсыз (харам) қылатынын жеткізді.

Ветеринариялық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев халал стандарты бойынша құс азығынан бастап, бауыздау, өңдеу, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын барлық кезеңдерге жіті тоқталып өтті.

Оқу бағдарламасы соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді. Өз кезегінде, дәріске қатысқан қасапшылар діни басқарма мамандарына алғысын білдірді.

Бөлісу: