«ҺИБАТУЛЛА ТАРАЗИ» МЕДРЕСЕ-КОЛЛЕДЖІ ШӘКІРТТЕРІНЕ СЕМИНАР
Жамбыл облысы, Тараз қаласындағы «Һибатулла Тарази» медресе-колледжінің шәкірттеріне халал және харам жөнінде семинар өткізілді. Семинарда Жамбыл облысының бас имамы Асқар Зәкіржанұлы, «Халал Даму» технологтары Мейіржан Бауыржанұлы мен Аблайхан Кәріпбаев дәріс оқыды.
Дәріс барысында қатысушыларға халал және харам ұғымдарының маңызы, исламдық талаптарға сай өнімдер мен тағамдарды таңдау ерекшеліктері, сондай-ақ күнделікті өмірде халал өмір салтын ұстанудың жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар, семинарда азық-түлік өнімдерін өндіруде, сақтау мен дайындық барысында санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.
Қатысушыларға халал сертификаттау жүйесі, өнімнің құрамын дұрыс тексеру жолдары мен діни нормаларға сай тағамдарды таңдау критерийлері түсіндірілді. Семинар соңында шәкірттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, дәріс оқушылар тарапынан толық және нақты жауаптар алды.
Іс-шара барысында қатысушыларға ақпараттық материалдар таратылып, болашақта халал өнімдер мен қызметтерді дұрыс таңдау үшін қажетті әдістер мен кеңестер ұсынылды. «Семинардың мақсаты – жас ұрпаққа исламдағы халал мен харам түсінігін дұрыс жеткізу, олардың өмірінде дұрыс таңдау жасау қабілетін дамыту болды», – деді бас имам Асқар Зәкіржанұлы.









