Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

01 шілде 2025

41

Жаңалықтар

КОРЕЙ ЕЛІ ХАЛАЛ ӨНІМДЕРГЕ ДЕН ҚОЙДЫ

Кино индустриясымен, жоғары технологиясымен, поп әуен индустриясымен күллі әлемді жалт қаратқан оңтүстік Корея енді шариғат талаптарына сай әзірленетін тағам өнеркәсібіне бет бұрмақшы. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде әл-Жазира телеарнасына жөн сілтеген islamosfera ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. 

Сәл шегініс: 2023 жылы оңтүстік-шығыс Азия аймағында ғана емес, сонымен қатар, халал стандарты бойынша күллі әлемге танымал Малайзия өткен халал тағамдардың халықаралық көрмесінде Индонезия, Кувейт, т.б. секілді мұсылман елдерімен қатар жұртшылық назарын сенімі бөлек елдің павилионы аударған еді. Кеспеден, теңіз өнімдерінен бастап, тазалық құралдарына дейінгі халал тауарларын самсатып қойған кәрістердің ұсынары көп болып шықты. 51 млн-нан асатын оңтүстік кореялықтардың тек шамамен 200 мыңы ғана, яғни, жалпы халық санына шаққанда мұсылмандар үлесі 0,4%-дай елдің ааспаздық өнері бай, түрлі дәмімен әлемге танылған. DinarStandard зерттеу компаниясы келтірген мәліметке қарағанда, 2021 жылы әлемде мұсылмандар халал тағамына 1,27 триллион доллар жұмсаған, ал 2025 жылы, яғни, биыл бұл көрсеткіш болжам бойынша 1,67 триллион долларға жетеді. Оңтүстік Корея үкіметі тамақ ингредиенттерін талдаудан бастап сертификаттық алымдарды субсидиялауға және жарнамалық іс-шараларды өткізуге дейін түрлі салаларда көмек көрсете отырып, осы үрдістен пайда табу үшін бизнесті көтермелеуге ұмтылуда. 2015 жылы сол кездегі президент Пак Кын Хе Біріккен Араб Әмірлігімен халал тағамдарды қоса алғанда, жаңа нарықтарда бизнесті ілгерілету туралы келісімге қол қойды. Оңтүстік Кореяның ірілігі жағынан төртінші қаласы Тегуде жергілікті билік халал стандарттары бойынша сертификатталған компаниялардың санын он есе ұлғайтуға және экспортты 2028 жылға қарай 200 млн долларға дейін арттыруға бағытталған «Халал өнімдері өндірісін жандандыру жөніндегі жоба» бастамасын көтерді. Lotte Foods, CJ CheiUedang, Daesang және Nongshim сияқты компаниялар кимчиден күріштен әзірленетін тәтті тоқашына дейін халал өнімдерін шығаратын азық-түлік өнеркәсібінің корей алыптарының қатарына кіреді. Бұл көптеген мысалдардың бірнешеуі ғана. Бұдан басқа, бұл үрдісті «K-beauty» секторының өкілдері де қолдайды. «Халал» сертификатын беретін төрт ұйым бар. Олардың бірі - Сайфулла Чо басқаратын Корей халал қауымдастығы (КОHAS). 

Исламды қабылдаған кореялық Чо корей компаниялары үшін ислам консалтингтік фирмасын құрып, халал туралы кітапты корей тіліне аударған. Сайфулла Чоның айтуынша, тіпті, күріш пен минералды су сияқты зиянсыз өнімдер де кейде халал ретінде сертификатталмайды. Ол: «Мысалы, күрішті қабықтан бөлетін жабдықты  майлау жануарлардан алынатын ингредиенттерді қамтуы мүмкін» деп түсіндіреді. Оңтүстік Корея мұсылман әлемімен іскерлік байланыс орнатуға ниетті, соған қарамастан кәріс қоғамының мұсылмандар мен исламмәдениетіне қыырын қарайды. Кейбіреулер халал өнімдерді елде исламның таралу құралы деп санайды. Халал өнімдер нарығын бастама етіп көтеріп келе жатқан Тегу қаласының өзінде шағын мешіт құрылысына жергілікті тұрғындар қатты қарсылық көрсетті. 2015 жылы таңғы шық елінің министрлер кабинеті халал индустриясына ден қойғанымен 2016 жылы Иксан қаласында халал өнімдер өндірісіне арналған өнеркәсіп аймағымен байланысты жобалар орта жолдан тоқтап қалып жатыр.


https://islam.kz/kk/news/alem/tangy-shyq-eli-halal-tagam-onimderine-den-qoyady-21930/#gsc.tab=0

Бөлісу: