КӘРІС АСХАНАСЫ «NANDUK» СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Алматыдағы «Nanduk» кәріс асханасы алғаш халал стандартына сай сертификатталды. ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы мен қаланың бас имамы Төлеби Оспан мешітке жиналған жамағат алдында кәсіпорын өкіліне «QMDB Halal» сертификатын табыстады.
«Кәріс асханасы – тағамдық қоспалары мен қолданыстағы шикізаттың сан алуан түрлерін қолданатын, мұқият тексерісті талап ететін – күрделі кәсіпорындардың бірі. Алайда, біздің мамандарымыздың жан-жақты тексерісі мен зертханалық сынамалардың оң нәтижесінен кейін сертификат табыстау жөнінде шешім қабылданды. Себебі, көпшілік жастардың сүйікті дәмханаларының біріне айналған «Nanduk» тамақтану орнының халал болуы маңызды деп есептеймін», – деген наиб мүфти кәсіпорын қызметіне береке, мол табыс тіледі.