Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

26 мамыр 2025

43

Жаңалықтар

МАЛАЙЗИЯЛЫҚ JAKIM ҰЙЫМЫМЕН ЖИЫН

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасы бойынша Айбек Асқарбекұлы бастаған «Халал Даму» мамандары Малайзияның Исламды дамыту департаменті (JAKIM) тарапынан берілген аккредиттеу сертификатын жаңарту мақсатында маңызды кездесу өтті. Онлайн форматта өткен жиынға малайзиялық делегация мен «Халал Даму» мамандары қатысып, өзара тәжірибе алмасу және талаптарды пысықтау жұмыстары жүргізілді.

Кездесу барысында тараптар аккредиттеу рәсімін ұзарту үшін қойылатын талаптар мен соңғы жаңалықтарды талқылап, халықаралық стандарттарға сәйкестік мәселесіне ерекше назар аударды. Құжат айналымы, аудит үдерістері, өндірістік бақылау, қадағалау және ішкі жүйені жетілдіру бойынша бірқатар нақты ұсыныстар айтылып, «Халал Даму» мекемесінің жұмыс тәжірибесімен таныстырылды.

«JAKIM-нің аккредиттеуі – «Халал Даму» үшін халықаралық аренада беделін арттыратын маңызды фактор. Бұл сертификат «QMDB Halal» таңбасымен шығарылатын өнімдердің Малайзия және басқа да мұсылман елдерінде мойындалуына ықпал етеді. Сондай-ақ, бұл бастама Қазақстанның халал индустриясын жаһандық деңгейге көтеруге және экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық қадамдардың бірі», – деп атап өтті Айбек Асқарбекұлы.

Жиын соңында тараптар алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар кестесін нақтылап, бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты.

Бөлісу: