МАМАНДАР САНИТАРЛЫҚ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ СЕМИНАРЫНА ҚАТЫСТЫ
ҚР Президентінің іс басқармасы медициналық орталығының санитарлық эпидемиологиялық сараптама орталығы «Халал Даму» мамандары үшін ашық есік күнін ұйымдастырды. Іс-шара барысында арнайы семинар өткізіліп, оған «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен технологтар қатысты.
«Бұл шараның басты мақсаты – халал өнімдер нарығында қауіпсіздік пен сапаны арттыру, сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Иновациялық әдістер тек қана халал сертификаттау үшін емес, сонымен қатар ветеринария, тағам қауіпсіздігі және экология салаларында да маңызды рөл атқарады», – деген Айбек Асқарбекұлы бұндай іс-шара екі мекеме арасындағы әріптестік байланысты нығайтуда маңызды екенін жеткізді.
Семинар барысында қатысушыларға талдауларды жылдам әрі сенімді жүргізуге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық жабдықтар таныстырылып, жануарлардан алынған ДНК үлгілерін зерттеу әдістері мен нәтижелерін талдау барысы түсіндірілді. Семинар соңында «Халал Даму» мамандарына арнайы сертификат табысталды.