Ақмола облысы: семинар өткізілді
Семинар тақырыбы — «Адал ас – жанға дауа, тәнге – шипа».
Ислам дінінің ең басты қағидаттарының бірі — адамның амал-ниетіндегі халалды ұстануы болып табылады. Осы тақырып Науан хазірет мешітінің әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өткен семинарда кеңінен қаузалды. Шара басында ҚМДБ-сы жанындағы «Халал Даму» мекемесінің директоры Айбек Аташев және облыстың бас имамы Қуаныш қажы Сәбит кіріспе сөз сөйледі.
Әйел жамағаты алдында «Халал Даму» мекемесінің бас сарапшы технологы Айнұр Омарова кең көлемді насихатқа негізделген дәрісін оқыды. Елімізде халал сертификатын алған мекемелер мен кәсіпорындар және олардың халал өнімдері туралы ақпаратты ортаға салды. Оны осы заманғы ақпараттық технологиялар тілімен терең әңгімелеп берді.
Халал мәселесі адамның күнделікті амал-ниетінде алдынан кезігетін шариғат талаптарының бірі. Ас ішсең де, киім кисең де, тіпті, бір іс жасасаң да, оның халал талаптарымен үндесуі маңызды болып табылады. Ал, әйел адамдарға бұл аса қажет құндылық. Өз ұрпағының тәрбиесінде де бабалардан мирас болған имани дәстүрлерді жаңғыртудың тағылымы мол.
Міне, елордадан келген дәрісші осы жайды мазмұнды да, мағыналы етіп түсіндіріп берді. Оған өздерін қызықтырған сауалдарды қойып, жан-жақты жауаптар алды.