Ақмола облысында кәсіпорындар тексерілуде
Ақмола облысындағы QMDB HALAL сертификатына сәйкес өнім өндіретін кәсіпорындарға кезекті ревизорлық бақылау-қадағалау жұмыстары жүргізілуде. Аудит жұмыстарын Халал Даму мекемесінің директоры Айбек Асқарбекұлы, Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит, технолог маман Нұрбек Қабыкен және жергілікті бақылаушы-инспектор Науан Мұталов жүргізуде.
Кәсіпорындарға (KAZBEEF ет өңдеу цехы, Макинск құс фабрикасы, Көкше-құс құс фабрикасы, және Көкше жерінде орналасқан дәмханалар) бақылау-қадағалау шараларымен қоса семинар-тренингтер өткізілді. Бұндай шаралар халал стандартына сай жұмыс жасайтын кәсіпорын қызметкерлерінің шариғи білімін арттырып, стандартқа сай қызмет көрсету біліктілігін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылып тұрады.
«Ислам діні негізінен, мұсылмандардың дүние және ақырет үшін адал кәсіп етуін талап етеді. Шариғат бойынша, адал кәсіп етудің өзі құлшылықтың бір түрі. Сіздер адал еңбек етіп қана қоймай, халыққа адал ас ұсынатын сауапты да жауапты кәсіптің мамандарысыздар. Сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесі болған адал ас – күллі мұсылман қауымының халал азығы. Осындай беделді қызмет жолында бізбен серіктес болғандарыңызға Алла разы болсын»,- деген Айбек Асқарбекұлы құс фабрика қасапшылары мен мамандарына алғысын білдіріп, халал өнім тұтынушы қарапайым халықтың сенімін жеткізді.
Аудит қорытындысы бойынша, шариғат шарттары мен халал стандарты ережелерін бұзу жағдайлары тіркелмеді. Десе де, кәсіпорында бекітілген стандарт талаптарының орындалуын бұдан әрі жақсарту мақсатында ескерту жасалынды. Алдағы уақытта ескертулердің жүзеге асуы бақыланады. Әр ай сайын еліміздің барлық өңірінде жүргізілетін кезекті бақылау-қадағалау шаралары өңірлерде басталып кетті. Аудит жұмыстарының нәтижиелерімен алдағы уақытта міндетті түрде жарияланады.