«МЯСО-ЕТ ЛАУРА» ЕТ ДҮКЕНІНІҢ СЕРТИФИКАТЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Қарағанды қаласындағы «Мясо ет Лаура» ет дүкені «QMDB Halal» куәлігін жаңартты. «Халал Дамудың» жергілікті өкілі Амангелді Асқаров ет дүкенінде аудит жұмыстарын жүргізіп, тексерістің оң нәтижесінен кейін кәсіпорын басшылығына халал куәлігін табыстады.
Аудит барысында «Мясо ет Лаура» дүкенінің сатылатын өнімдері мен сақтау жағдайлары, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуы, қызметкерлердің біліктілігі және өнімді белгілеу мен қаптау ережелерінің орындалуы мұқият тексерілді. Сонымен қатар, дүкеннің барлық құжаттары: жеткізу актілері, есеп жүргізу жазбалары, сертификаттар мен сапа бақылау журналдарының дұрыстығы қаралды. Тексеру қорытындысы бойынша дүкеннің қызметі «QMDB Halal» стандартының барлық талаптарына сәйкес екені расталды. Аудиттен кейін кәсіпорын басшылығына ресми халал сертификаты табысталды.
Сонымен қатар, «Халал Даму» маманы Амангелді Асқаров дүкен қызметкерлеріне арналған оқу семинарын өткізді. Семинар барысында халал стандарттары, өнімдерді дұрыс сақтау және өңдеу, санитарлық-гигиеналық талаптар мен құжаттарды жүргізу тәртіптері жөнінде практикалық кеңестер берілді.

