Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

21 маусым 2021

55

Жаңалықтар

НАИБ МҮФТИ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ХАЛАЛ КОНФЕРЕНЦИЯДА

Алматы қаласында Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұйымдастыруымен "Тағам қауіпсіздігі және  халал өнім" тақырыбында халықаралық конференция өтті. Конференцияға ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Оңғар Ершат Ағыбайұлы мен "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы және әлемнің 30 елінің өкілдері қатысты.

"Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі мәселесі - күрделі әрі маңызды мәселе. Бұл мәселе тек ғалымдар, биохимиктер, микробиологтар тарапынан ғана емес, сондай-ақ өндірушілер, санитар-эпидемиологиялық қызметтер, мемлекеттік органдар мен тұтынушылар тарапынан да талап етіледі. Азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігі жыл сайын артуда, себебі азық-түлік өнімдері мен өндірістік шикізаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету халық денсаулығы сақтаудың негізгі факторларының бірі. Халал - бұл тамақ өнімдерін өңдеу және сақтау процестерін, сонымен қатар, азық-түлікті өңдеу, өндіру, дайындау, сақтау, тасымалдау және сату кезінде  сапа мен қауіпсіздігін бақылаудың негізгі шараларының бірі. Халал қағидалары бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау органдары талап ететін азық-түлік қауіпсіздігі шараларын толықтырады және осылайша олардың әлемдік нарықтардағы бәсекелестік артықшылықтарын арттырады. Халал стандарт  – шариғат қағидалары мен заңдарына негізделген, тағам қауіпсіздігі мен адалдығын белгілейтін, әлемдік стандарттарды толықтырушы құжат. "Халал Даму" – діни басқармаға қарасты бірден-бір сертификаттаушы орган. Шариғат пен халықаралық тәжірибе және мемлекеттің 5 стандартына негізделген өзінің 6 стандартын құрастырды. Дін жанашыры, ұлт болашағы мен ұрпақ қауіпсіздігіне алаңдаушылық танытатын ұйым ретінде біздің де ең басты мақсатымыз – халыққа қауіпсіз, табиғи, таза, ең бастысы адал өнім ұсыну", – деген Ершат Ағыбайұлы конференция барысында "Халал Даму" тәжірибесімен бөлісіп, халал өнім және тағам қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді қозғап, практикалық шешімдерді ұсынды.

Конференция соңында, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы директоры Байдәулет Ерлан Әлімжанұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына, "Халал Даму" ұйымының атқарып жатқан қызметі ел үшін, халық үшін маңызды әрі бағалы екендігін жеткізіп, дін жанашырларына алғысын білдірді.


Бөлісу: