НҰР-СҰЛТАН: "MAGNUM" САУДА ОРТАЛЫҚТАРЫН ТЕКСЕРУ ЖАЛҒАСУДА
Еліміздегі ең ірі сауда орындарының бірі – "Magnum Cash & Carry"супермаркет, гипермаркет және шағын форматтағы дүкендерді тексеру жалғасуда. Бүгін, "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлының басшылығымен Нұр-Сұлтан қаласындағы "Magnum" сауда орталықтарында кезекті ревизорлық бақылау-қадағалау жұмыстары жүргізілді. Тексеріске технолог, ветеринарлық санитария ісінің маманы Данияр Сафиев те қатысты.
"Республика бойынша қарқынды дамып келе жатқан "Magnum Cash & Carry" сауда орталықтарындағы ет және шұжық сататын орындарды "QMDB HALAL" стандарты бойынша сертификаттаудан өткізуге кәсіпорын тарапынан ұсыныс түскен болатын. Сол себепті, еліміздің 10 ірі қаласында орналасқан "Magnum" сауда орындарын тексерістен өткізу қолға алынды. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы "Magnum" сауда желілерін қайта бақылаудан өткіздік. Аталған сауда орындарында халал өнімдердің кең ассортименті ұсынылғандықтан халал өнімдерді жеткізу, қабылдау, сақтау, дайындау және сату процесінде стандарттың барлық талаптары қатаң орындалып, технологиялық тізбек толықтай сақталуы тиіс. Сарапшы-аудиторлардың тексерісі шикізат пен тағамдық қоспалардан бастап, өнімді сатуға дейінгі сатыларды түгелдей қамтитындықтан "QMDB HALAL" стандартына сәйкес сертификаттау үшін қажетті жұмыстар әлі де жасалуда. Сертификаттауға қатысты өзге де жаңалықтармен алдағы уақытта бөлісетін боламыз! – деген Айбек Асқарбекұлы "Magnum Cash & Carry" сауда орталықтарын тексеру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.