Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

09 қыркүйек 2021

39

Жаңалықтар

ӨСКЕМЕНДЕГІ ТЕКСЕРІС ЖАЛҒАСУДА

Бүгін "Халал Даму" мамандарының Өскемен қаласындағы тексерісінің екінші күнінде "Magnum" сауда орындары, "Айтас-МП" шұжық өндірісі,"Медине" дәмханасы, "Адал ет" ет дүкені тексерілді. Ревизорлық бақылау-қадағалау шараларын ветеринарлық санитария ісінің маманы, технолог Данияр Сафиев пен жергілікті инспектор-контролер Үмбет Досжан жүргізді.  

"Бүгінгі тексеріс барысында алғашқылардың бірі болып "Magnum Cash & Carry" сауда орындарындағы ет және шұжық өнімдері тексерілді. Аталған сауда орнын «QMDB HALAL» стандартына сәйкес сертификаттау үшін қажетті жұмыстар әлі де жалғасуда.  Ал,"Айтас-МП" шұжық цехында жүргізілген тексеріс барысында кәсіпорынның бекітілген халал стандарт талаптарын сақтауы және орындауы қадағаланды. 2013 жылы іске қосылған кәсіпорын өндірісте инновациялық тәсілдер мен адал, таза шикізатты қолдану арқылы халал шұжық өнімдерін өндіруде. Неміс, поляк және ресейлік қондырғылармен жабдықталған кәсіпорынның өндірісі, өнімді өңдеуі, санитарлық тазалығы, дайын өнімнің сапасы мен адалдығы өте жоғары деңгейде.  Сонымен қатар, "Медине" дәмханасы мен "Адал ет" дүкенінде жүргізілген аудит барысында стандарт талаптарын бұзу жағдайлары тіркелмеді. Өндірісте қолданатын шикізат көздері мен тағамдық қоспалары технолог мамандар тарапынан бекітілген, лабораторияда тексерілген өнімдер екендігі анықталды", – деген Данияр Сафиев өңірдегі кәсіпорындарды бақылау шаралары оң нәтиже көрсеткендігін хабарлады.

Бөлісу: