"QMDB HALAL" ӨНІМ ШЕТ ЕЛГЕ ЭКСПОРТТАЛАДЫ
"Халал" стандарттау комитеті мен "Халал Даму" арасындағы өзара достық және ынтымақтастық жөніндегі меморандум негізінде отандық "Kaz Beef Processing" кәсіпорны мен Татарстандағы "ИТLE" рестораны әріптестік келісімшартқа қол қойды. Бұдан былай "Kaz Beef Processing" кәсіпорнының ет өнімдері "ИТLE" ресторанына тасымалданатын болады.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Қазан қаласындағы ХІІ халықаралық «Ресей – Ислам әлемі: KazanSummit» экономикалық саммитіне қатысып жатқан ҚМДБ делегациясының белсенді жұмысы көп күттірмей оң нәтижесін көрсетуде. "Татарстандағы халықаралық экономикалық саммитке отандық және шет елдік «QMDB Halal» сертификатын алған үш кәсіпорын қатысуда. Ресейлік "QMDB Halal" кәсіпорындар да өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Халал жәрмеңкеге қатысқан "Kaz Beef Processing" кәсіпорны көршілес елдегі ірі кәсіпорындардың бірімен іскерлік әрі әріптестік келісімшартқа отырып, жұмыс ауқымы мен табыс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алды. Бұның барлығы кеше ғана жасалған екі жақты меморандум мен "Халал Даму" ұйымының белсенді жұмысының нәтижесінде жеткен жетістік", – деген Ершат Ағыбайұлы көрмеге қатысқан кәсіпорындарға алғысын білдіріп, кәсіптеріне сәттілік әрі береке тіледі.
"Татарстандағы "ИTLE" кәсіпорны жергілікті "Халал" комитеттен сертификаттаудан өткен халал ресторан желісі. Ал, "KAZ Beef Processing" Ақмола облысындағы орналасқан ірі көлемде ет және ет өнімдерін өндіруші "QMDB Halal" кәсіпорындардың бірі. Отандық ауылшаруашылығы өнімдерін алыс-жақын шет елдерге экспорттау Елбасы Н.Ә.назарбаевтың "Жол картасы" бағдарламасы аясында бекітілген тапсырмалардың қатарынан. Сондықтан, бұл шара – ел экономикасы мен халал индустриясы үшін маңызды деп білеміз", – деген Айбек Асқарбекұлы "QMDB Halal" өнімдерді алдағы уақытта өзге де елдерге экспорттау жоспарда бар екендігін жеткізді.
Айта кетейік, үш күнге созылған Татарстандағы халықаралық экономикалық саммит бүгін өз мәресіне жетті.