ПАВЛОДАР: «АТАМЕКЕН» ПАЛАТАСЫНДА ЖИЫН
«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлының Павлодар облысына іс-сапары барысында жергілікті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жиын өткізілді. Жиынға облыстың бас имамы Жолдас Қоспақұлы, «Халал Дамудың» жауапты өкілі Серік Темірғалиев және ет саудасымен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.
«Халал – өнімнің шариғат талабына сай, адал екеніндігін білдіретін таңба. Кәсіпорындар халал стандартын өндіріс орындарына енгізу арқылы өнім айналымын ұлғайту, сапа көрсеткішін жақсарту, тазалық талаптарын қадағалау, сұранысқа ие «адал» өнім өндіру секілді басымдықтарға ие болады. Өңірдегі халал кәсіпорындардың сапасы мен санын арттыра отырып, отандық өнім нарығын бірге дамытамыз деп сенемін», – деген Айбек Асқарбекұлы кәсіпкерлерді бірлесе қызмет атқаруға шақырды.
Сонымен қатар, жиында ауылшаруашылық өнімдерін, соның ішінде, ірі қара мал мен құс еті өнімдерін халал талаптарына сәйкестендіру, жергілікті сауда орындарында сатылатын адал және шариғатқа сай емес еттердің сатылу барысын қадағалау, тұтынушылар сұранысын отандық халал өніммен қамтамасыз ету, халал кәсіпорындар санын арттыру мәселелері қозғалды.