ҚАРАҒАНДЫДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАРДА КЕЗЕКТІ АУДИТ
"QMDB Halal" сертификатына ие болған Қарағанды облысындағы кәсіпорындарда кезекті аудит жұмысы жүргізілді. Ревизорлық бақылау-қадағалау шараларын жергілікті инспектор-контролер Ысқақ Абдрахманов пен технолог Айзат Сатаева орындады.
Мамандар тарапынан жүргізілген айлық тексеріс барасында өңірдегі 12 кәсіпорын өндірісі қадағаланды. Атап айтқанда, "Sushi Yero", "Zoom sushi-pizza", "6'inch", "Salam Bro" фаст-фуд дәмханалары, "Carla's cake" кондитерлік өнімдері, "Лавка фермера" ет дүкені, "Qazyna food", "Вкуснейший" дәмханалары, "Нәтиже" сүт фабрикасы. Аталған кәсіпорындар өндірісі мен қызметінің, дайын өнімдерінің бекітілген халал стандарты талаптарына сәйкестігі бақыланды. Сонымен қатар, облыстық "Әнет баба" мешітінде жергілікті кәсіпкерлер мен мешіт жамағатына арнап халал турасында арнайы оқу-семинары өткізіліп, нәтижесінде, өңірдегі "Кәусар" кондитерлік кәсіпорны "QMDB Halal" сертификатын алуға өтініш білдірді.
"Халал – адамның емес, Алланың бекіткен әмірі. Сондықтан болар, "халал" өнімдер мұсылмандар ғана емес, өзге дін өкілдері, қарапайым тұтынушылар арасында да айрықша сұранысқа ие. Халық сенімін ақтап, халал кәсіпорын өндірісін жандандыру мақсатында соңғы бір айда өңірдегі сертификатталған өндіріс орындарына екі рет аудит шаралары жүргізілді", – деген Ысқақ Абдрахманов өңір бойынша халал кәсіпорындар саны күн санап артып келе жатқандығын жеткізді.