Қазақстандық халал өнімдер 43 мемлекетке экспортталады — Айбек Аташев
**Әлемде халал стандарты бар тауарлар күннен күнге артуда. Мамандардың болжамына сәйкес, 2030 жылы халал өнімді тұтынушылар саны 2,2 миллиардтан асады. Елорда Инфо тілшісі еліміздегі халал индустриясының жай-күйі, іске асырылып жатқан жобалар мен алдағы жоспарлар жайлы «Халал Даму» ЖШС директоры Айбек Аташевпен сұхбат құрды.** **– Айбек Асқарбекұлы, Қазақстандағы халал индустриясының тарихы, қазіргі ахуалына тоқтала кетсеңіз.** – Халал индустрия — Қазақстандағы ең кеш дамыған салалардың бірі. 2007 жылы 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халал индустриясын дамыту туралы мәселе көтеріп, халал таңбасы бар өнімдерді шетелге, әсіресе мұсылман елдеріне экспорттауды тапсырған болатын. Сол күннен бастап ҚМДБ Үкіметпен бірлесіп, халал сертификатын беру туралы мәселені қолға алды. Бүгінгі күнде біздің халал сертификаттарымызды алған ұйымдар саны 400-ден асады. Бұл мекемелердің өнімдері әлемде 43 мемлекетте экспортталады. **– Сіздерден басқа ұйымдар халал сертификатын берумен айналысады ма?** – Біз құқықтық мемлекет болғандықтан, халал сертификатын басқа мекемелер де бере алады. Біздің мемлекетімізде осы сертификатты табыстаумен 5-6 мекеме айналысады. Біздің олардан айырмашылығымыз – біз мемлекеттік органдармен, ұлттық аккредиттеу орталығымен, Техникалық реттеу және метрология комитетімен, Малайзия, Түркия, БАӘ секілді мемлекеттермен тығыз жұмыс жасауымызда және еліміздегі мұсылмандардың қара шаңырағы болып саналатын мүфтияттың құрамында болуымыз. **– Жалпы стандарттар жайлы айта кетсеңіз. Қандай талаптар орындалуы керек? Өнім түріне байланысты ол талаптар ерекшеленеді ме?** – 2014 жылдан бері өзіміздің халал даму стандарттары арқылы жұмыс жасаймыз. Бұл стандарттарды енгізуге біз Түркия, Малайзия, БАӘ аккредиттеу орындарынан арнайы рұқсат алғанбыз. Сондай-ақ, Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанмен де қоян-қолтық жұмыс жасап жатырмыз. Біздің стандарттарымызды осы елдерде де кәсіпорындар пайдаланып, тіпті осы елдердің кәсіпорындарына сертификаттарды беріп жатқан жағдайымыз бар. Мәселен, бәріміздің халал деген кездегі ойымызға ең бірінші оралатыны – ет өнімдері. Сол ет пен құс өнімдеріне қатысты стандарттарды айтатын болсам, басқа елдердің стандарттарында құс өнімдерін заманауи тәсілдерді пайдалана отырып механикалық бауыздауға, сонымен қатар малдың қалдықтарынан жасалатын ұнтақ жем жасауға рұқсат етеді. Ал біз оған мүлдем рұқсат етпейміз. **– Халал стандарттарын әзірлеуде төрт мәзхабтың тыйымдары сақталады ма?** – Әрине, біздің елде, Орта Азияның көп елдерінде ханафи мәзхабының ережелері сақталады. Кейбір мәселеде басқа мәзхабтардың да пікірі есепке алынады. **– Айбек мырза, ал ҚМДБ халал сертификатын алу үшін ұйымдар қайда жүгінуі тиіс?** – Қазір halaldamu.kz сайты жаңадан іске қосылды. Сертификатты алу үшін онлайн түрде өтініш беру мәселесі де қарастырылған. Одан бөлек, Нұр-Сұлтанда орталық кеңсеміз, Алматыда бөлімшеміз бар. Басқа аймақтардағы кәсіпкерлердің бізге келіп жүруі шарт емес, сайтымызда онлайн түрде өтініш бере алады. Мамандарымыз хабарласып, сол мекеменің ресми құжаттарын сұратып, одан кейін өндіретін өнімге қосылатын қоспалар, шикізаттардың құжатын алғаннан кейін сәйкестендіру үшін сол облыс немесе қаладағы бақылаушыларымыз тексеріс жүргізеді. Талапқа сәйкес келіп жатса, екі сағатта келісімшартқа отырамыз, өнімді Нұр-Сұлтан немесе Алматы қаласындағы молекулалық генетикалық зертханаға жіберіп тексертеміз. Тексеріп болғаннан кейін, шариғи кеңесшілеріміз мақұлдайтын болса, ол мекемеге сертификат беріледі. Шариғи кеңесшілер мақұлдамайтын болса немесе өнім зертханалық зерттеу нәтижесі бойынша оң қорытынды алмаса, құжаттар бір-біріне сәйкес келмей жатқан жағдайда, біз ҚМДБ халал логотипін бермеуге толық негізде мүмкіндігіміз бар. **– Сертификат алған ұйымға тексеріс қаншалықты жиі жүргізіледі?** – Біз сертификат бергеннен кейін ол мекемені тұрақты түрде жоспарлы және жоспарсыз түрде ай сайын кемінде бір-екі рет тексереміз. Өйткені, халал мәселесі — шариғи мәселе. Біздің бабаларымыз «ең бірінші бастың амандығы және астың адалдығы» деп бекер айтқан жоқ. Астың адалдығы ең бірінші — сенім мәселесінде, сенім болатын жерде халал болады, сенім болмаған жерде қанша жерден құжатты сәйкестендірсеңіз де, зертханадан оң қорытынды алған күннің өзінде халал болмайды. Яғни, біз қос дүниеде де осы мәселеге жауап беретіндігімізді білеміз, сондықтан ұйымдарды тұрақты түрде тексеріп тұрамыз. **– Тексеріс барысында қандай құқықбұзушылықтар кездеседі?** – Біздің сертификатымыз кәсіпорынға бір жыл мерзімге беріледі. Ол мерзім аяқталғаннан кейін сертификатты қайтадан жаңартуды талап етеміз. Осы сияқты келісімшарттың ішінде шикізаттарды қайдан алатыны, оның халал сертификаты болуы керектігі, өнімдерге қосылатын қоспалар, тағы да басқа осы сынды талаптар болады. Осы ережелердің бірі сақталмайтын болса, бұл заңбұзушылық деген сөз. Ол мекемеге біз бірінші ескерту хат жібереміз, ескерту хатқа құлақ асып, оны ары қарай жөндейтін болса, нұр үстіне нұр. Егер ескерту хатқа құлақ аспайтын болса, біз халал сертификатымызды қайтарып алғанымызды әлеуметтік желілер арқылы мәлімдейміз. Одан бөлек, өкінішке қарай, біздің логотипті көшіріп алып, өзінің өнімінің үстіне байқатпай жабыстырып жіберетін заңбұзушылар кездеседі. Оларды біз өңірлердегі бақылаушыларымыз немесе әлеуметтік желідегі волонтерлеріміз арқылы дүкен сөрелерін тұрақты түрде айына бір рет тексеру барысында анықтаймыз. Содан кейін кәсіпорынға таңбаны алып тастау туралы ескерту жібереміз немесе бізден сертификат алуын талап етеміз. Егер алмайтын жағдайда біз құқықтық, зайырлы мемлекетте өмір сүргендіктен, заң орындарына жүгініп, одан сертификатымызды сотқа дейін барып тартып алуға мүмкіндігіміз бар. **– Кей кәсіпкерлер халал серификатын барлық өнімдерге, тіпті қызмет түрлеріне де таңып жатады. Осы жағдай жайлы пікіріңізді білдірсеңіз.** – Алла тағаланың адал дегені адал, арам дегені арам ғой. Кейде суға да халал деп айдар тағып жатады. Ағын судың арамы жоқ. Судың өзі — адал дүние. Тек адамдар араласып, спирт қосатын болса, «жынды су» жасайтын болса, ол әрине арам болады. Бірақ суға да халал сертификатын беру — артық дүние. «Осы сертификатты алсам, өнімім көбірек өтеді ме» деген қитұрқы әрекеттен болған шаруа деп айтқым келеді. Автокөлік жөндейтін орталықтар мен моншаны да халал, харам деп жатады. Монша ер мен әйел бөлек түсетін болса, әурет мәселесі сақталатын болса, шариғат шарттары орындалатын болса ол да адал. **– Халал стандарттарын меңгерген мамандар тапшы. Кадрлық мәселені шешу бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?** – Халал индустриясы кеш дамыған салалардың бірі болғандықтан, біздің халал мәселесінде мамандарымыз әлі де жеткіліксіз. Еліміздің бірқатар университеттері аграрлық сала мамандарын оқытып жатыр, оның ішінде азық-түлік саласында мамандар даярлануда, бірақ халалтанушы дипломын беретін мамандық әлі күнге дейін жоқ. Шариғат білетін мамандар бар, курстар өткізіп жүріп мамандар даярлап жатырмыз. **– Халал өнімдерін экспорттау мақсатында 2020-2025 жылға арналған жол картасы бекітілді. Соның аясында қандай жұмыс жүргізілді?** – 2018 жылы біз малайзиялық «Jakim» аккредитация орталығынан аккредитациядан өттік. Осы жылы еліміздегі Техникалық реттеу және метрология комитетіне қарасты ұлттық аккредитация орталығынан аккредиттеуден өтуді жоспарлап отырмыз. Өнімдерді экспорттау бойынша да жұмыстау қарынды жүргізілуде.