Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

22 қыркүйек 2021

71

Жаңалықтар

«QAZVAC» ВАКЦИНАСЫ ТЕКСЕРІЛУДЕ

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Ершат Ағыбайұлы бастаған ҚМДБ делегациясы Жамбыл облысындағы «QAZVAC» вакцинасын өндіруші Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтында болып, отандық вакцина өндірісімен танысты. Реизорлық бақылау-қадағалауға «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлі, технолог, медицина маманы Айзат Сатаева қатысты.

«Эпидемиялық жағдайға байланысты коронавирус инфекциясына қарсы күресудің және ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың тиімді әдісі – вакциналау. Осы орайда халықтың 70% құрайтын мұсылмандар мен халал өнімді тұтынушылардың талап-тілегі бойынша өндірушілер тарапынан «QAZVAC» вакцинасын халал стандарты бойынша сертификаттаудан өткізуге өтініш білдірілді. Себебі, отандық вакцинаға Индонезия, Иран, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан секілді шет елдік мұсылман елдері де қызығушылық танытуда. «QAZVAC» –COVID-19-ға қарсы белсенділігі жойылған вирустан дайындалған, тазартылған, адъювант – алюминий гидрототығы қосылған, концентрацияланған вакцина. Ғалымдар жүргізген клиникалық сынақтың ІІІ кезеңінің нәтижесі бойынша вакцинаның тиімділігі 90%-дан жоғары. Бұл ретте, вакцинаның шариғатқа сай дайындалуын қадағалау мақсатында аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарымен жұмыс жасауға бағытталған институт зертханасымен таныстық. Бұған дейін «QAZVAC» вакцинасын құраушы негізгі компоненттерді жеке-жеке қарастырып, шариғат және пәтуа мамандарының назарына ұсынған болатынбыз. Алматы қаласында басталған ғұламалар кеңесінде осы мәселе бойынша діни сарапшылардың пікірі назарға алынатын болады», – дейді Ершат Ағыбайұлы.

«QAZVAC» вакцинасын «QMDB Halal» стандарты бойынша сертификаттау процессі әлі аяқталмағандығын ескерте отырып, қорытындысын алдағы уақытта жариялайтынымызды хабарлаймыз!


Бөлісу: