ҚМДБ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ – ҚАЗАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ САММИТТЕ (ФОТО)
Бүгін Татарстан астанасы Қазан қаласында ХІІ Халықаралық «Ресей – Ислам әлемі: KazanSummit» экономикалық саммиті басталды. Аталмыш саммит аясында «Russia Halal EXPO» халал индустрия көрмесі өтіп жатыр.
Халықаралық ауқымды көрмеге Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен ҚМДБ делегациясы, атап айтқанда, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен Діни басқарманың бас есепшісі Лаура Байжасарова қатысуда.
Онлайн және офлайн өтіп жатқан KazanSummit-ке және халал индустрия көрмесінің ашылуына Татарстан Президенті Рустам Минниханов та арнайы келіп, құттықтау сөз сөйледі. Саммитте Ислам финансы мен серіктес банкинг, халал индустриясы, жастар димломатиясы мен экспорт дамуы, кәсіпкерлік пен инвестиция мәселелері қаралады деп жоспарланған.
«Он екінші рет өткізіліп отырған халықаралық экономикалық саммиті жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Татарстан Президенті мен Ресейдің лауазымды тұлғалары, шетел дипломаттары мен 15 елдің белді кәсіпкерлері бас қосқан халықаралық саммитке біздің ұжымның шақыртылуы – әлемдік деңгейде жоғары бағалауының көрінісі. Аллаға шүкір дейміз. Сондай-ақ Қазақстан да өз тауарларын көрмеге әкелді, оның ішінде «QMDB Halal» сертификатын алған үш компания қатысуда. Ресейден біздің сертификатты алған екі компания қатысуда» деп атап өтті наиб мүфти Ершат Ағыбайұлы.
Айта кетейік, ТМД елдері және Түркия, Араб елдері қатысып жатқан саммит пен халал индустриясы көрмесі 30 шілдеге дейін жалғасады.