ҚОСТАНАЙДА "МУСЛИМА" ХАЛАЛ ДӘМХАНАСЫ АШЫЛДЫ
Бүгін, Қостанай қаласында орналасқан халал қоғамдық тамақтану орындарының бірі – "Муслима" дәмханасының ресми ашылу салтанаты өтті. Дәмхананың ашылу рәсіміне "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы, облыстың бас имамы Бахытбек Нұрғабылұлы және жергілікті инспектор-контролер Алишер Балахмет қатысты. Айбек Асқарбекұлы кәсіпорын басшылығына "QMDB Halal" сертификатын және дәмхана қасапшысына "QMDB Halal қасапшы" куәлігін табыстады.
" Халал шеңберінің аясы кең. Оның бір саласы мұсылман жұртшылығының ас-ауқат, тағамына қатысты. Халық көп тұтынатын, сұранысқа ие тамақтану орындары мен азық-түліктер халал стандарты бойынша сертификатталғанда ерекше қуанамыз. Себебі, біздің басты мақсатымыз – ең бірінші кезекте халық қажеттілігін қамтамассыз ету. Облыстық кәсіпкерлердің бастамасымен ашылып отырған халал дәмхана – адал, таза ас-ауқатты ұсынып қана қоймай, отбасымен тынығып, көңіл сергітіп, демалу үшін барлық қолайлылықты ойластырған. Осы бағыттарыңыздан таймай, елге адал ас ұсынып, көңілдерді қуанта бересіздер деп сенемін. Біздің бірлескен жұмысымыз осы жерден тоқтамайды, керісінше, енді ғана бастау алды. Алдағы уақытта технологтар мен инспектор-контролер мамандардың қатысуымен міндетті айлық тексеріс жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады", – деген Айбек Асқарбекұлы дәмхана иелері мен қызметкерлеріне алғысын білдіріп, кәсіптеріне береке тіледі.
Өз кезегінде, "Муслима" кәсіпорны "Халал Даму" мамандары қызметін жоғары бағалап, "QMDB halal" таңбасына лайықты жұмыс жасайтындарын жеткізді.
Барлық зерттеу және бақылау жұмыстарының оң нәтижиесінен кейін "Муслима" дәмханасы "Тамақтандыру қызметтері", "Халал өнімдерді өндіру, өңдеу, дайындау, сақтау, тасымалдау және сатуға қойылатын жалпы стандарт" талаптарына лайық деп танылды. Қостанай қаласындағы "Муслима" дәмханасы "QMDB Halal" стандартына толықтай сай екендігін хабарлаймыз!
Мекен-жайы: Қостанай қаласы, А.Байтұрсынов көшесі, 135 үй.