"SHAURMA FOOD" КӘСІПОРНЫНА СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ
«QMDB halal» оқыту және білім жетілдіру орталығында "SHAURMA FOOD" фаст-фуд дәмханасы қызметкерлеріне білім жетілдіру оқу-семинары өткізілді. Семинарды «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, технолог мамандар Айжан Омарова, Сатаева Айзат жүргізді.
Оқыту барысында шариғатымыздағы халалдың орны мен маңызы жөнінде түсіндірген Айбек Асқарбекұлы: «Алла Тағаланың ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін ажыратып көрсеткен. Алла пендесі үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Осы турасында "Бақара" сүресінің 168-аятында былай деп түсіндіреді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!», «Мәида» сүресінің 88-аятында: «Аллаһтың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» делінген», – деп халалдың салмағы мен сұрауы жөнінде мағұлмат берді. Технолог мамандар халал өнімдер технологиясы мен стандарт талаптары, зертханалық тексерістің маңыздылығы, тағамдық қоспалардың өндірісі жөнінде бағамдады. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл ҚМДБ ғимараты жанынан «QMDB halal» оқу және білім жетілдіру орталығы іске қосылған болатын. Оқу орталығында білім алуға ниет білдірген қарапайым тұтынушылардан бастап, медресе,мешіт, оқу орындары шәкірттеріне, мешіт имамдары мен ұстаздарға, сертификатталған кәсіпорын қызметкерлеріне, қасапшыларға жүйелі түрде оқу-семинар шаралары жүргізіліп тұрады.