ШЫМКЕНТ: БІРҚАТАР КӘСІПОРЫНДАР СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Шымкентте ұйымдастырылған аймақтық семинар аясында бірқатар кәсіпорындар халал стандартына сай сертификатталды. Атап айтқанда, «Classic meat», «Бесбармақ» ет дүкендері, «Халал қассап» қасапханасы, «Сайрам нан» кондитерлік цехы.
«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен облыстың бас имамы Бақдаулет Нұрматұлы кәсіпкерлерге халал сертификатын табыстап, қызметтеріне береке, кәсіптеріне табыс тіледі.
«Халал сертификаты – күллі мұсылманның сенімін арқалаған құжат. Біздің мақсатымыз – ел экономикасының барлық секторын халал стандартына сәйкестендіре отырып, «QMDB Halal» – таңбасын әлемдік брендке айналдыру. Осы орайда, еліміздегі үлкенді-кішілі әрбір кәсіпорындардың халал талаптарына сай болуы біз үшін өте маңызды. Сіздер халал сертификатын алу арқылы – адалдықтың таңбасына бар ынта-жігерлеріңізбен қызмет етесіздер деп сенемін», – деген А.Асқарбекұлы кәсіпорындарға ризашылығын білдірді.