Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

15 наурыз 2023

97

Жаңалықтар

«Өскемен Құс фабрикасы» тексерілді

«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы, технолог Әсел Мақсатқызы және ШҚО бойынша жауапты өкіл Досжан Төлегетайұлы Өскемен қаласындағы кәсіпорындарда тексеріс жұмыстарын жүргізді.  

Мамандар алдымен «Өскемен құс фабрикасын» аралап, тексеру жұмыстарын жасады. Фабрикада арнайы форма киіп, қызметкерлердің жұмысын, тауық өнімінің шығарылуына бақылау жүргізді.

Тексерістен соң Айбек Асқарбекұлы кәсіпорын қасапшыларына семинар-тренинг өткізді. Оқыту барысында шариғатымыздағы халалдың орны мен маңызы жөнінде түсіндірген Айбек Асқарбекұлы: «Алла Тағаланың ұлы сөздері қасиетті Құран Кәрімде адамзат баласына көл-көсір нығметтер беріп, жер бетіндегі халал мен харам нәрселердің ара жігін ажыратып көрсеткен. Алла пендесі үшін нені халал десе, ол сырда қайыр мен хикмет бар, ал нені харам десе, онда адам ғұмыры үшін ұшан-теңіз зиянның бар екендігі күмәнсіз. Осы турасында «Бақара» сүресінің 168-аятында былай деп түсіндіреді: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!», «Мәида» сүресінің 88-аятында: «Аллаһтың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» делінген», – деп халалдың салмағы мен сұрауы жөнінде мағұлмат берді. Технолог маман халал өнімдер технологиясы мен стандарт талаптары, зертханалық тексерістің маңыздылығы, тағамдық қоспалардың өндірісі жөнінде баяндады. 

Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Бөлісу: