Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы
«Халал Даму»стандарттау және сертификаттау орталығы

26 ақпан 2025

149

Жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН ЖИЫН ӨТТІ

Түркістан облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласында, ҚР «Атамекен» ҰКП мәжіліс залында кәсіпкерлердің қатысуымен «Халал Даму – заман талабы» және «Түркістан – адал қала» тақырыбында семинар өтті.

Іс-шараға Түркістан облысының Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген, ҚМДБ Түркістан облысы бойынша Бас имамы Ержан қажы Толепов, облыстық «Халал Даму» орталығының жетекшісі Мұстафа Қалжанұлы, технолог-эксперт Аружан Маратқызы, сондай-ақ қала және аудан өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Семинардың басты мақсаты – адал ас тұтыну мәдениетін қалыптастыру және халал индустриясын дамыту арқылы қоғамда адалдық пен тазалық қағидаларын насихаттау. Жарылқасын Әзіретберген өз сөзінде Түркістан қаласының рухани, тарихи және мәдени орталыққа айналуына атсалысу қажеттігін атап өтті. Ол қала тұрғындарын Түркістанды таза, арақсыз қала ретінде қалыптастыруға бірігіп күш салуға шақырды.

Облыстың Бас имамы Ержан қажы Толепов өз сөзінде: «Халал кәсіп – адалдықтың өлшемі. Ислам – адалдық пен әділдікті негізге алатын дін. Әрбір мұсылман өз кәсібін таза жолмен жүргізіп, адал табыс табуға міндетті. Бүгінде халал ұғымына тек мұсылмандар ғана емес, бүкіл қоғам тарапынан сұраныс артып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): 'Адал табыс тапқан адамға Алла разы болады' деп атап өткен. Сондықтан, халал кәсіпті дамытуға, ҚМДБ-ның халал сертификатын алуға, шариғат талаптарын сақтауға үндейміз», – деп атап өтті.

Сондай-ақ, ол жиналғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, бұл айда ішімдік сатудан бас тартуға, игі істер мен қайырымдылыққа белсенді атсалысуға шақырды. «Халал Даму» бөлімінің технолог-маманы Аружан Маратқызы тағам өндірісінде халал стандарттарын енгізу және құжаттандыру тәртібі жөнінде ақпарат берді. Семинар соңында қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды.

Бөлісу: