ТҮРКІСТАН ОБЛ.: "DAILY FOOD" ДӘМХАНАСЫ СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
Түркістан облысындағы ірі тамақтану орындарының бірі – "Daily food" фаст-фуд дәмханасы сертификатталды. "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы мен облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов "Қожа Ахмет Яссауи" орталық мешітінде "Daily food" кәсіпорнына "QMDB HALAL" сертификатын табыстады. "Daily food" фаст-фуд дәмханасының төрт сауда нүктесі "Тамақтандыру қызметтері", "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар" стандартына сай сертификатталды.
"Daily food" дәмханасына сертификат табыстаған Айбек Асқарбекұлы: "Ағыл-тегіл, көл-көсір нығметтерді құлдарына берген Раббымыз солардың адалын пайдаланып, ал арамынан аулақ болуды қатаң ескерткен. Келер ұрпақтың ары таза, рухани дүниесі бай болсын десек, бала-шағамызды, отбасымызды халал, таза аспен қамтамасыз етуіміз қажет. Сол себепті, еліміздің әр өңірінде халал кәсіпорындар санын арттыруға тырысудамыз. Бүгін, Түркістан тұрғындары мен қонақтарына қуанышты жаңалық – өңірдегі ірі тамақтану орындарының бірі "Daily Food" дәмханасының шариғатқа, халал стандарт талаптарына сай сертификатталуы. Адал кәсіптеріңізге Алла берекесін берсін, адалдықтың ақ туын желбіретіп, сенім таңбасына лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!", – деді.
"Халал Даму" басшылығы мен мамандары, инспектор-контролерлерінің қатысуымен дәмхана аумағында ревизорлық бақылау-қадағалау шаралары жүргізіліп, шикізаттары мен тағамдық қоспалары толықтай тексерілді. "Daily food" фаст-фуд дәмханасына берілген "QMDB HALAL" сертификаты 02.06.2021-01.06.2022 мерзімі аралығында жарамды екендігін және "Халал Даму" бекіткен стандарт талаптарына толықтай сай, халал екендігін хабарлаймыз!