Түркиялық әріптестермен ресми кездесу
ҚМДБ Төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегацияның Түркия Республикасына сапары барысында, «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы Түркия Республикасының «Халал аккредитация агентігінің» (Halal Accreditation Agency) төрағасы Зафер Сойлумен ресми кездесу өткізді. Екі жақты әріптестікті нығайту, ортақ келісімдер мен алдағы уақытта атқарылатын бірқатар шараларды пысықтау мақсатында ұйымдастырылған кездесуге «Халал Аккредиттеу агенттігінің» эксперт мамандары да қатысты.
Екі жақты кездесу барысында күллі мұсылманға ортақ халал тақырыбын кеңінен насихаттау, ортақ жобаларды жүзеге асыру арқылы халал өнімдер сауда нарығын дамыту, аккредиттеу мәселесі, «QMDB Halal» таңбасымен өнім өндіруші кәсіпорындарды халықаралық нарыққа шығару, екі елдің халал стандарттау және сертификаттау жүйесінде өзара тәжірибе алмасу, мамандарды оқытып, білімін жетілдіру т.б. мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, екі тараптың өкілдері өз елдеріндегі халал инфраструктурасының қалыптасуы мен дамуы жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті.
«Бізді ортақ тарихи тағдырымыз, туыстас тіліміз, дініміз бен мәдени құндылықтарымыз біріктіреді. Алланың бекіткен халал мәселесін халыққа насихаттау, халал индустриясы саласында бірлескен ортақ жобаларды жүзеге асырамыз деп сенемін», – деп атап өтті Айбек Асқарбекұлы.
Сонымен қатар «Халал аккредитация агентігінің» төрағасы Зафер Сойлу екіжақты байланыстың одан әрі нығая түсетінін атап өтіп, бауырлас әріптестерге алғысын білдірді.