Қырғызстандық әріптестерге аудит барысы таныстырылды
«HALAL EXPO-2022» халықаралық көрмесіне арнайы келген Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал комитетінің» басшысы Бактияр Токтогазы Уулы және «Халал комитетінің» маманы Келдибек Аскаралиев «Халал Даму» жұмысымен таныстырылып, Астана қаласының «Ясмин» шұжық өндірісі және «Тәп-Тәтті» кондитерлік желісі тексерілді.
Бақылауды "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы «Халал» комитетінің өкілдері, технолог Айжан Қалмаханқызы және Астана қаласы бойынша "Халал Дамудың" жауапты өкілі Дулат Қадырұлы жүргізді.
Тексеріс жұмыстарын жүргізу кезінде «Ясмин» шұжық цехында шикізаттар, ет өнімдері, тағамдық қоспалар халал стандартқа сәйкестігі қадағаланды. Сонымен қатар, өндіріс құралдары мен цехтың санитарлық тазалығы да назардан тыс қалмады. Дайын шұжық өнімдерін сақтау, тасымалдау және сату кезеңдерінің де бекітілген талаптар бойынша жүзеге асуы бақыланды.
«Қырғызстан өкілдеріне кондитерлік цехті тексеру жұмыстары көрсетілді. Кондитерлік өнімдердің қоспалары толықтай тексерістен өткен, ешқандай дәм күшейткішсіз, алмастырғышсыз, табиғи әрі балғын өнімдерден дайындалады. Өндіріс орнында жаңа технологиялар мен заманауи құрылғылар қолданылады», – деп хабарлайды сараптамадан өткізген технолог Айжан Қалмаханқызы.