"ЯССЫ ҚҰРЫЛЫС" ШҰЖЫҚ ЦЕХЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Түркістан облысындағы "Яссы Құрылыс" шұжық цехы тексерілді. Ревизорлық бақылау-қадағалау шараларын "Халал Даму" директоры Айбек Асқарбекұлы мен жергілікті инспектор-контролер мамандар орындады.
"Шұжық отандық тағам өнімдері нарығында үлкен сұранысқа ие. Құрамының көптүрлілігі мен өзге де ерекшеліктері дайын өнім сапасын ұдайы бақылап отыруды қажет етеді. "Яссы Құрылыс" шұжық цехында жүргізілген тексерісте шұжық цехының бекітілген халал стандарт талаптарына сәйкес өнім өндіруі қадағаланды. Бақылау-қадағалау барысында кішігірім кемшіліктердің бары анықталып, түзету жұмыстарын жүргізуге тапсырма берілді", – деген Айбек Асқарбекұлы шұжық цехына берілген шектеулі мерзім аяқталғаннан кейін, ескертулердің орындалуын қадағалау мақсатында қайта бақылау шаралары орындалатындығын жеткізді.
"Ақ жол" сауда белгісімен шығарылатын "Яссы Құрылыс" шұжықтары "Халал өнімдерді өндіруге, өңдеуге, дайындауға, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойылатын жалпы талаптар стандартына" сәйкес сертификатталған болатын. Кәсіпорынға берілген "QMDB HALAL" сертификаты 15.03.2021-14.03.2022 мерзімі аралығында жарамды екенін хабарлаймыз.