Қымыз ішуге бола ма?
Қымыз ежелден ата-бабалармыздың сүйікті сусыны. Қазақ халқы текті ұлт болғандықтан ішетін ас судың таза, халал болғандығына айырықша мән берген. Күнделікті ішетін тағамның және сусынның адам денсаулығына пайдасы туралы бабаларымыз ертеден-ақ білген.
Жалпы ислам ғұламалары жылқы сүтіне (бірауыздан) халал үкімін берген. Хидая кітабында жылқы сүтін ішудің оқасы жоқ делінген. Имам Әбу Ханифа және Имам Әбу Юсуф бойынша ашыған болса да, жылқы сүті адал деп есептелген . Ал адамды мас қылатын сусындардың үкімі басқаша. Алла Елшісі Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мас етуші ішімдіктердің бәрі харам. Көп ішкенде мас ететіннің азы да харам» - деп үкім еткен. Таза табиғи қымыз сусыны "алкогольсіз сусын" ретінде саналады. Ал оның құрамындағы ашығаннан туындаған спирттің мөлшері аз болғандықтан және адамды мас болдыратын көрсеткішке жетпейтіндіктен Ханафи мәзхабының ереже-қағидаты бойынша, харам үкімін тудырмайды.
Соңғы уақытта шет елдерден келетін қымыздар туралы сұрақтар легі көбейіп кетті. Тұтынушылардың айтуы бойынша бас айналдырып, мастық дәрежеге жеткізеді:
Біріншіден, ол өнімдерді таза қымыз санатына жатқызуға болмайды. Құрамына: бие сүті, сиыр сүті, бал, ашытқылар кіреді. Құрамындағы бал ашыту процесін жеделдетеді.
Екіншіден, егер қымызды сақтау температурасы сақталмаса, құрамындағы спирттің пайыздық мөлшері көбейіп кетуі ықтимал.
Үшіншіден, Спирт сырттан әдейі қосылдыма жоқпа ол да белгісіз. Егер қымыз ашытылмаса оны сусын ретінде қолдануға рұқсат. Қымызға басқада қоспалар қосылып (бал, ашытқылар, қышқыл сүт бактериялары) ашытылса және адамды мас ететіндей дәрежеге жеткізсе оның (ашытылған) азын да, көбін де қолдануға тиым салынады. Сондықтан да қымызыдың таза табиғи түрін қолданғанымыз абзал.