ҚЫЗЫЛОРДА: ЕКІ БІРДЕЙ КӘСІПОРЫН СЕРТИФИКАТТАЛДЫ
«Халал Даму» мамандарының Қызылорда облысына іс-сапары барысында өңірдегі екі бірдей кәсіпорын сертификатталды. Атап айтқанда, «Реджепова» кәсіпорнының «Мубарак» кафесі және Шиелі аудандық орталық мешітінің асханасы. Мешітке жиналған жамағат алдында «Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы мен облыстың бас имамы Болатбек Ұласханұлы кәсіпорын өкілдеріне алғысын білдіріп, «QMDB Halal» сертификатын табыстады.
«Өңірдегі халал кәсіпорындар саны күн санап артып келеді. Бұл – Сыр өңірі үшін жақсы нәтиже. Алайда, осы бағытымыздан таймай, кәсіпорындар санын одан да жоғары деңгейге жеткізуіміз қажет. Отандық халал өнімдерді қолдай отырып, ел экономикасының дамуына өз үлесімізді қосамыз деп сенемін», – деді А.Асқарбекұлы.
Еске сала кетейік, үстіміздегі аптада Қызылорда облысындағы кәсіпорындарда айлық аудит жұмыстары жүргізіліп, кәсіпкерлер мен мешіт қызметкерлеріне оқу-семинары өткізілген болатын.