
ЖАМБЫЛДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАР ТЕКСЕРІЛДІ
«Халал Даму» технологы Ардақ Талғатқызы мен жергілікті маман Аблайхан Кәріпбаев Тараз қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында аудит жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда: «Chefstar» ( ЖК Айжанов), «Nanduk» (ЖК Amigo), «Chiki-Chiki» (ЖК Unitedkz), «Аль-Кәусар» (ЖК Сералиева), «Науа» (ЖК Абдыкалыкова), «Ланджоу» (ЖШС LanzhoyTaraz), «Adal chicken» (ЖК Адалчикен), «Кәусар» (ЖК Nurai), «Abayas» (ЖК Айжанов), «Шербет» ( ЖК Крафт) дәмханалары тексерілді.
Аудит барысында аталған тамақтану орындарының қызметі «Халал Даму» стандарттарына сәйкес тексеріліп, өнімдерінің шариғат талаптарына сай болуына ерекше көңіл бөлінді. Мекемелердің шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі өндіріс процестері, құрал-жабдықтардың тазалығы, жұмысшылардың санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтауы жан-жақты сарапталды.
Тексеру нәтижесінде кейбір дәмханаларға стандарттарға сәйкес толықтырулар мен түзетулер енгізу бойынша нұсқаулықтар берілді. Ал бірқатар мекемелердің қызметі оң бағаланып, олардың сапасы әрі қарай тұрақты бақылауда болатыны жеткізілді.
Тараз қаласындағы бұл тексеру шарасы жергілікті халыққа таза, халал өнімдер ұсыну мақсатына бағытталған және бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.