МАҢҒЫСТАУ: «КАСПИЙ ҚҰС» ФАБРИКАСЫНДА АУДИТ
«Халал Даму» директоры Айбек Асқарбекұлы Маңғыстау облысына іс-сапары барысында «Каспий құс» фабрикасында аудит жұмыстарын жүргізді. Бақылау-қадағалау шараларына жергілікті өкіл Іздібай Бегенұлы да қатысты.
Аудит барысында құс фабрикасындағы өндіріс үдерісі мен құс етін өңдеу кезеңдерінің халал стандарты талаптарына сәйкестігі тексерілді. Сарапшылар құстардың дұрыс бауыздалуын, құрал-жабдықтардың тазалығын, шикізат пен дайын өнімнің сақталу шарттарын, сондай-ақ жұмысшылардың санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтауын мұқият бақылады. Сонымен қатар, тексеріс кезінде құстарға берілетін жем-азықтың құрамына да ерекше назар аударылды. Сарапшылар жем дайындауда қолданылатын қоспалар мен шикізаттардың халалдығын анықтап, олардың шариғат талаптарына сай екендігін растады.
Тексеріс нәтижесінде кәсіпорынның халал стандарттарын орындау деңгейі оң бағаланды. Мамандар өндіріс тиімділігін арттыру және халал талаптарын тұрақты түрде сақтау мақсатында бірқатар әдістемелік ұсыныстар берді.
Айбек Асқарбекұлы кәсіпорын ұжымымен кездесу барысында халал сертификатын сақтау жауапкершілігіне, тұтынушылар сенімін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Ол сондай-ақ өңірдегі халал өндіріс саласын дамыту, сапалы әрі шариғатқа сай өнім үлесін көбейту бағытында «Халал Даму» тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.





