X

Харам тамақ жеудің өміріңізге тигізетін 2 үлкен зияны

Харам тамақ жеудің өміріңізге тигізетін 2 үлкен зияны
Print Friendly, PDF & Email
Хадиша Ермекқызы

Адал тамақтан бойға жақсылық дарыса, керісінше, харам тамақтан қаттылық, ауыртпашылық, ғапылдық жұғады. Дұғаның қабыл болуында да адал тамақтың маңызы зор. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл туралы: «Ей, адамдар! Шүбәсіз Алла барлық нәрседен пәк. Сол себепті адал және тазадан басқаны қабылдамайды. Алла Тағала пайғамбарларға бұйырғандарын мүминдерге де бұйырған”, – дейді. Ал Мүминун сүресінің 51-аятында: «Ей, пайғамбарлар! Адал нәрселерден жеңдер. Салих амал істеңдер. Өйткені, мен сендердің істегендеріңді жақсы білемін», – делінсе, Бақара сүресінің 172-аятында: «Ей иман етушілер! Сендерге берген рызықтардың адалдарын жеңдер», – деп, адал тамақтың маңызын көрсетеді.  

1.Харам ас жеген адамның дұғасы қабыл болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ұзақ сапарға шыққандықтан шашы ұйпа-тұйпа, үсті шаң-тозаңға батқан, қолдарын көтеріп: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» – деп дұға еткен бір адам туралы: «Бұл адамның ішкен-жегені харам, кигені харам, хараммен қоректенсе, дұғасы қалай қабыл болады?» – дейді. Сондықтан дұғасы қабыл болмай жүрген адамдар бір сәт қандай тамақпен тамақтанып жүргеніне назар аударсын.  

2. Харам, күмәнді астан  сақтанбаған адамның жүрегі жамандық пен әдепсіздіктің ұясына айналады.

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтты: «Шүбәсіз халал белгілі, харам да белгілі. Бірақ осы екеуінің арасында (халал-харамы белгісіз) кейбір күмәнді нәрселер бар, адамдардың көбі оларды білмейді. Шүбәлі нәрселерден қашқан адам діні мен намысын қорғаған болып саналады. Шүбәлі нәрселерден сақтанбаған адам болса, уақыт өте келе харамға батады. Бұл мәселе дәл отарын біреудің жеріне жақын жайып, малдары әлгі жерге түсіп кету қаупі бар шопан сияқты. Абай болыңдар! Әрбір патшаның кіруге тыйым салған жері бар. Алланың тыйым салған жері – харам еткен нәрселері екендігін ұмытпағайсыңдар» (Бұхари, Иман 39).

Кезіндегі салих адамдар, сахабалар харамнан да, шүбәлі нәрселерден қатты сақтанған. Біздің заманымызға мынандай оқиға жеткен. Әбу Бәкір Сыддықтың (р.а.) бір құлы бар еді. Бұл құл табысының бір бөлігін оған беріп, ол содан жейтін. Бір күні құл табысынан бір нәрсе алып келді. Әбу Бәкір де (р.а.) оны жей бастады. Сонда құл: «Не жеп жатқаныңды білемісің?» – деп сұрады. Әбу Бәкір (р.а.): «Жоқ білмеймін. Қане айтшы не?» – деп түсіндіруін сұрады. Құл: «Бақсылықты білмесем де жәһилия кезінде бал ашып, біреуді алдап беріп едім. Бүгін сол адаммен кезіктім. Ол маған істеген ісім үшін осы сізге берген тамақты берді», – дегенде Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.), саусағын тамағына салып, қиналып жегенінің бәрін құсты (Бұхари, Мәнәқибул-Әнсар 26). Екінші бір риуаят бойынша: «Бір жапырақ нан үшін осыншама қиналғаныңыз не?» – деп сұрағанда Хазіреті Сыддық: «Жаным шықса да, осы нанды шығарар едім», – деп жауап береді (Ахмед б. Абдұллаһ әт-Табери, әр-Риядун-Надра ІІ, 140-141).

Егер иманыңыз әлсіреп, жүрегіңіз қарайып бара жатқанын сезсеңіз, бір сәт қандай тамақ ішіп жүргеніңізге мән беріп қойыңыз. 

http://islam.kz/

рет оқылған