X
Меню
X

ХАЛАЛДЫҢ ҮЗДІК НАСИХАТШЫСЫ

ХАЛАЛДЫҢ ҮЗДІК НАСИХАТШЫСЫ
Print Friendly, PDF & Email

Еліміздің 14 облысында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен «Халал өнімдерін стандарттау бөліміне» қарасты «Халал Даму» ЖШС-ң 14 облыстық жауапты өкілдері бекітілген.

Облыстық халал өкілдердің қызметі – сертификаттаудан өтуге ниет білдірген компаниялармен байланыс орнатып, құжаттарын қабылдап, өнімдерін лабороториялық зертханаға жолдап, кәсіпорында, цехта, қасапханада т.б өтініш білдірген мекемелерде айлық, кезектен тыс тексеріс жұмыстарын жүргізу. Мекеме қызметкерлеріне халал стандарт талабына сай өнім өндіру, қызмет көрсету, тасымалдау, сату т.б бағыттар бойынша оқу-семинарлар өткізу. Халыққа «халал және харам» жөнінде қажетті мағлұмат беріп, насихат шараларын ұйымдастыру.

Халықтың санасында «халал» таңбасы сауда бренді, коммерциялық құрал ретінде қалыптасқаны жасырын емес. Осы түсінікті жою мақсатында халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын өкілдердің қызметін насихаттап, еңбегін бағалау орынды.

Соңғы бір-екі айда облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық көлемде өңір-өңірді аралап  халал турасында 8 оқу-семинар жүргізіп, 1000-нан аса тыңдарманға «халал» жөнінде ақпарат беріп, бірнеше компанияны сертификаттаудан өткізген Павлодар облысы бойынша жауапты өкіл Какенов Қазбек мырза.

«Павлодар өңіріндегі «ҚМДБ халал» сертификатын алған мекемелердің өнімін тұтынатын әрбір адамның кеңірдегінен өткен өнімнің расымен де халал болуына мен жауаптымын және екі дүниеде де сұрауы қатаң болады деп ойлаймын. Сол себепті Алланың, халықтың, ар-намысымның алдында жұмысымды барынша адал атқаруға тырысамын», – дейді өңірлік өкіл.

Әр облыстағы өңірлік өкілдердің барлығы діни сауатты, «халал стандарттау және сертификаттау» бойынша арнайы оқу орындарын, курстарды тәмәмдаған, тиісті құжаттары мен дипломдары бар, діннің әр саласында қызмет ететін білікті мамандар.

ҚМДБ халал өнімдерін стандарттау бөлімінің баспасөз қызметі

рет оқылған