X
Меню
X

Наиб мүфти мен «Халал Даму» ЖШС директоры Жамбыл өңіріне іс сапармен келді

Наиб мүфти мен «Халал Даму» ЖШС директоры Жамбыл өңіріне іс сапармен келді
Print Friendly, PDF & Email

Сауданың астанасы болған көне Тараз шаһарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Әбдірашұлы мен ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС директоры Ануар Елжанов арнайы іс сапармен келді.

Ресми сапарды облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде дін мамандарына оқу-семинарын жүргізуден бастады.  «Халал – тіршілік өзегі» тақырыбындағы іс-шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкіл имамы Қанат Жұмағұл, ҚМДБ «Халал Даму» Жамбыл облысындағы өкілі Нұрматжан Миразизов, қала мен аудан мешіттерінің бас имамдары, мешіт қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мамандар Халал Даму» ұйымының құрылғанына 5 жыл толғанын тілге тиек етіп, бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктердің ауыз толтырып айтарлық екенін сөз етті. Қазіргі таңда халал өнімін тұтынушылар да, оны шығарушылар да көбейіп келеді. Және оны тексеру қатаң түрде, өте мұқият жүргізіледі. «Халал» сертификаты не үшін керек, оны алу үшін өнім қандай талаптарға сай болуы тиіс, өнімді тексеруден қалай өткізеді сынды мәселелерді баяндап өткен Ануар Елжанов БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар ұйым директоры «Халал» өнім шығаруда Жамбыл облысы белсенді әрі үздік өңірлердің қатарында, деп атап өтті.

Көпшілікке күнделікті тұтынып жүрген өнімдерді қалай таңдау керектігі жайлы слайд көрсетіліп, тың мағұлматтар берілді. Мәселен, күріш, кәмпит, балмұздақ, май, сүт, шұжық, тауық, т.б. Зертханалық зерттеу жұмыстары кезінде кездесетін бірқатар проблемаларды сөз еткен мамандар: «Шұжық өнімдерінің басты проблемасы – бұл шұжыққа қосылатын тағамдық қоспалары болса, консерві өнімдерін тексеру барысындағы басты проблема-құрамына қосылатын ет өнімдерінде, яғни, шариғат талабына сай сойылғанын қадағалау. Консервіде еттерді сақтау үшін консерванттар қосылатын жағдайда, тексерісті зертхана арқылы жүргізу қажет. Ал сусын өндірісіндегі басты проблема – Халал стандартына сай емес қызыл түс беруші бояғыштың пайдалануы.Май өндірісіндегі басты проблема – өсімдік шикізатын жануар текті шикізатпен алмастырмау» – деп өнімнің барлық құрамына аса назар аударылатынын айтып өтті.

Семинар соңынан наиб мүфти дін мамандарымен сұхбаттасып, жұмыстың қалай жүріп жатқанын, ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Бауыржан  Әбдірашұлы қажылық, зекет, мешіт құжаттары, сапалы қызмет жасау сынды бірқатар мәселелерге тоқталды.

Сонымен бірге, наиб мүфти Бауыржан Әбдірашұлы ЖАНТ жұмыстарын күшейтуді тапсырып, мешіт қызметкерлерінің қызметтік этикасы мен тәртібіне де тоқталды.

Семинар барысында өкілдіктің тиісті салаларға жауапты жетекшілеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Айта кету керек, аталған іс-шарадан соң наиб мүфти JAMBYL телеарнасындағы “Иман нұры” бағдарламасына қатысты. 

  Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.

рет оқылған