X
Меню
X

Ақтөбе: Қасапшылар халал сертификатын алды

Ақтөбе: Қасапшылар халал сертификатын алды
Print Friendly, PDF & Email

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан жергілікті жамағат алдында ақтөбелік қасапшыларға ҚМДБ «Халал Даму» сертификаты  мен куәлігін табыстады.

Куәліктер қасапшылардың өткен желтоқсан айында ҚМДБ Халал стандарттау бөлімі мал бауыздау және ет өңдеу саласындағы Халал стандарты бойынша «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты оқу семинарын тәмамдағандығын растайды.

Сонымен бірге «Халал Даму» ЖШС директоры Смайыл Сейтбеков пен қасапшылардың арасында келісімшарт жасалған. «Мал бауыздау және ет өңдеу» стандарт ережелерін толық сақтау шартымен фирма қасапшыға халал мал бауыздау құқығын береді. Ал қасапшы мал бауыздау рәсімін адал ниетпен атқаруға, стандарт ережелерін сапалы түрде орындауға, өндірістік тәртіпті және заңнамаға сәйкес ережелерді сақтауға міндетті.

Сондай-ақ, фирма қасапшыны оқытып, нұсқама беріп отырады. Өз кезегінде қасапшы малды халал әдебімен бауыздауға қатысты оқу семинарына қатысып, білім алуы міндетті. Әрі кемінде тоқсан сайын бір рет халал әдебімен мал бауыздау турасында нұсқамадан өтіп тұруы тиіс.

«Халал Дамудың» Ақтөбедегі өкілі Жарасхан Әбдісаламовтың айтуынша, қасапшы өзіне тапсырылған мөр мен куәлікті орнымен, көзделген мақсатта ғана дара қолдануы керек. Стандарт ережелерін немесе келісім-шарт талаптарын бұзған жағдайда, қасапшы тұрақсыздық айыбын төлейді және тиісті азаматтық, әкімшілік, қылмыстық жауапқа тартылады. Ал малды халал әдебімен бауыздау ережелерін қайта бұзған жағдайда мөр мен куәлікті қолдану құқығынан айрылады.



рет оқылған