X

Бейбіт Мырзагелдиев: Халал – халықтың таңдауы

Бейбіт Мырзагелдиев: Халал – халықтың таңдауы
Print Friendly, PDF & Email

Қазақстанда халал өнімдердің индустриясы берік қалыптасып келеді. Бұл еліміздегі елеулі оқиға десек қателеспейміз.

Мұның өзі өнім сыртындағы «халал» белгі­сімен ғана ерекшеленіп қоймауы керек. Халал индустриясы ел эко­номикасының күретамырына айналып, жұрт таза өнімдерден таршылық көрмеуі қажет. «Ас – адамның арқауы» деген аталы сөзді алдыңғы орынға қоятын қа­зақ үшін халал бәрінен биік тұруы тиіс. Жұрт жаппай халал тағам­ға көшкен сайын жүректе иман орнығып, санада сілкініс пайда болады.
Халал – рұқсат етілген нәрсе деген ұғымды береді. Бұл Ислам әлеміне тән сөз. Құранда астың халал не харамдығына аса мән беріледі. Алла Тағаланың: «Сен­дерге Аллаһ өлексені (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен ба­уыздалғанды арам қылды» деген сөзін берік ұстанатын бүгін­гі күннің кәсіпкерлері үшін халал­дың қоғам үшін қаншалықты пайдасы барын дәлелдейтін уа­қыт келді.
Жақында Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы Алма­тыдағы орталық мешіт ауласында халал өнімдердің жәрмеңкесін ұйымдастырды. Оған азық-түлік өндіретін 30-дан аса компания қатысты. Осы орайда біз ҚМДБ жанындағы «Халал Даму» ЖШС директоры Бейбіт Мырзагелдиевті сөзге тартқан едік. 
– Қазақстандағы халал өнім­дердің индустриясы жедел дамып келе жатқан сала. Осы орайда мем­лекет тапарынан қолдау мен қада­ғалау қаншалықты ескеріліп отыр?
– 2014 жылдың қазан айында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында негізі қаланған «Халал өнімдерін стандарттау» бөлім 2016 жылдың ақпан айынан «Халал Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде қыз­мет атқарып келеді. Бүгінгі күнге дейін бөлім Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының қолдауы­мен, халал сертификаттау саласы жоғары дамыған елдерге жасалған көптеген іссапарлар мен тәжірибе алмасу нәтижесінде, көңіл қуан­тарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отыр. 
Еліміздің өндіріс кәсіпорын­дары мен мекемелерін шариғат талаптарына сай сертификаттау ғана емес, сонымен қатар оқу-ағарту жұмыстары, БАҚ, аймақ­тық өкілдерінің жұмыс деңгейін күшейту, іс-шаралар өткізу, шетелдік қатынастарды дамыту бөлімнің аса ден қойып отырған негізгі бағыттар болып саналады.
Еліміз зайырлы болғандықтан мемлекет діни мәселелерге ара­ласа қоймайтыны бар. Бөлім ашылғанынан бастап мемлекеттік Инвестициялар және даму ми­нистрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті­мен, Мәдениет және спорт министрлігі Діни істері комитетімен байланыс орнатып, бірлескен бірнеше оты­рыс семинарлар өткізілді және олар­дың тарапынан қолдау көр­сетіліп келеді. Жалпы, елімізде халал саласының еркін дамуына толық мүмкіншіліктер бар. 
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халал өнімдеріне барынша назар аударып отырғаны белгілі. Осы бағытта қандай жұмыс­тар істелінді және мұсылман елдерінен қандай тәжірибелерді үйрендіңіздер?
– Бүгінгі күні сараптамадан дұрыс нәтиже көрсетіп, серти­фикат алған 70-ке жуық кәсіп­орындар бар. Сертификат алған кәсіпорындардың қатарында шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, құс фабрикала­ры, кондитерлік, ұн, қамыр өнді­ре­тін кәсіпорындар, емдік-про­филактикалық өнімдер, косме­тика, сусын, жарма, шикі­зат өндіретін кәсіпорындары, қоғам­дық тамақтану орындар, ет өнімдерін шығаратын цехтар мен қасапханалар бар.
Әрбір кәсіпорынмен екіжақты келісімшарт жасалғаннан кейін сараптама жұмыстары, зерт­ха­налық тексеріс жұмыстары және оқу-семинарлары, тренинг­тер өткізіліп отырады. Бұл кәсіп­орындардың қызметкерлеріне халал мәселесінен толық хабары болуы міндеттеледі.
Биылғы жылы қолға алынған тағы бір маңызды мәселенің бірі –қасапшылардың білімін көтеру бағдарламасы. Азық-түлік нары­ғында ет мәселесін шешу мақса­тында бірнеше рет «Қасапшылық – сауапты һәм жауапты іс» атты арнайы семинар-тренингтер өткізілді. Алматы қаласы бойын­ша «Орбита» мешітінде, «Тастақ» мешітінде, Орталық мешітте және Талғар қаласында, Астана қаласындағы «Нұр-Астана» ме­шітінде, т.б. аймақтарда қасап­шыларға семинар өткізіліп, сертификаттар берілді. Алматы қаласы бойынша семинарға қатысқан қасапшылар саны 137-ге жуық адамды құрайды. Оның 45-і куәлік пен жеке бас мөрін алып шықты.
Бұл бағытта ҚМДБ Малайзия (Jakim), Біріккен Араб Әмірлігі, (SMIC) Түркия, Сингапур, Ресей Федерациясы, Татарстан, Қыр­ғыз­стан секілді елдермен ынты­мақтастық құрған. Осы елдерге жасалған іссапарлар нәтижесінде, халал сертификаттау ұйымда­рының әлсіз және маңызды тұстары ескеріліп, салыстырмалы түрде анық болды. Біз солардың өзімізге жақын, ең дұрыс деген жүйесін енгізуді жөн көрдік.
Биылғы жылы Ресей Феде­рациясының Қазан қаласында өткен «VIII Ресей және Ислам Ынтымақтастық Ұйымы елде­рінің Халықаралық экономи­калық саммитіне» атсалысып, қатысушыларға ҚМДБ-ның халал бағыты туралы баяндама мен тұсаукесер ұсынылды.
Астана қаласында Малай­зияның Jakim ұйымының өкіл­дерімен өткен кездесуде «Халал Даму» ЖШС-ның халықаралық деңгейде мойындату үшін аккре­дитацияға өтінім жасалды. Олардың қойған талаптарына қарай, «Халал Даму» ЖШС-ның алдағы уақытта аккредитациядан өтуіне мүмкіндігі бар деп топшылауға болады.
Біздің сарапшы мамандары­мыздың қатысуымен 3 түрлі стан­дарт жасалған болатын:
«Халал» өнімдерді өндіруге, дайындауға, өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға қойы­латын жалпы талаптар», «Мал бауыздау, ет өңдеу және «Тағамға қатысты қызметтер».
Тағы басқа да стандарттар жасалу үстінде. Бұлар халық­аралық стандарттармен үйлесе отырып, өндіріс орында­рын стандарттауға, дамуға, сауда на­рығында стандартқа сай техни­калық кедергілерді жоюға, тұты­нушылар мүддесінің қорғалуына ықпал жасайды деп көзделген.
Аталмыш стандарттарды жасау барысында Малайзиядағы Jakim және Түркияның SMIIC бе­делді халал сертификаттау ұйым­дарының ресми рұқсатымен стандарттары пайдаланылды.
Кәсіпорындарды сертифи­каттау, тексеріс жұмыстары және т.б. жаңалықтар «Халал Даму» ЖШС-ның halaldamu.kz атты ресми сайтында жарияланып отырады. Сертификат алған бар­лық кәсіпорындар мен мекеме­лердің атауы толық анықтама ақпараттарымен осы сайтта халық назарына ұсынылған. 
– Халал өнімдерінің шариғат­қа сай дамуын кім бақылайды, сауда орындарына түскен өнімдердің сапасына қаншалықты кепілдік бар?
– Қазақстан бойынша әр өңірде Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен тағайындалған өкілдер өздеріне қарасты аймақтарындағы халал кәсіпорындарын қадағалау міндеттерін атқаруда. Сонымен қатар кәсіпорындарға бақылау­шыны тағайындау, халал бағыты бойынша оқыту, уағыз-насихат, түсіндірме жұмыстарын жүргізу, кәсіпорындардың құжаттарын саралап жинақтау, оларды «Халал Даму» ЖШС-ге жолдау қызметте­рін атқарып келеді. 
Бас мүфтидің тапсырмасымен ай сайынғы тексеріс, бақылау жұмыстарын аймақтық өкілдері орындайды. Әзіргі күнге дейін тек­серіс нәтижесінде, ешбір кә­сіп­орында ереже бұзушылық анықталмады. Тексеріс жұмыс­тары екі тараптың келісімімен хаттама толтыру (тексеріс нәти­жесі), фото суреттер жолдау тү­рінде жасалады. 
– Жақында халал өнімдерді шығаратын кәсіпорындардың жәрмеңкесін өткіздіңіздер. Бұдан қандай қорытынды шығардыңыз­дар?
– Биылғы жылы қараша айының 11-12 күндері Алматы қаласының Орталық мешіт алаңында «Халал өнімдер жәрмеңкесі – 2016» атты ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен алғашқы жәрмеңкенің тұсаукесері өтті. Бұл жәрмеңкеге «Халал Даму» ЖШС-ның халал сертификатына ие болған кәсіпорындар өнімдерін халықтың назарына ұсыну үшін арнайы шақырылған болатын.
Жәрмеңкенің мақсаты – халал кәсіпорындардың өнімдері мен қызметтерін назарға ұсыну, серіктестер табу, тауар айналы­мын жақсарту, қалың қауымға халал өнімдердің маңызы, тұты­нушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қосатын үлесін түсіндіру.
Жалпы, жәрмеңке жайлы ха­барландыру таратыла баста­ған­нан өз нәтижесін көрсете бастады. Жәрмеңкеге қызығу­шылық танытқандар көбейе түсті. Сертификат алып, жәрмеңкеге қатысуға ниет білдірушілер қатары да артты. Түрлі ұсыныстар мен ҚМДБ-ның «Халал» серти­фикатын алу үшін өтініштер түсе бастады.
Халал жәрмеңкеде өнім­дерін қалың мұсылман қауы­мының назарына ұсыну кәсіп­керлер үшін зор мүмкіндік.
– Өнімдері талапқа сай емес кәсіпкерлердің лицензиясы қандай жағдайда кері тартып алынады? Шын мәнінде, аты бар да заты басқа мекемелерді тәртіпке шақыра алдыңыздар ма?
– ҚМДБ-ның «Халал» серти­фикаты барша мұсылман қауы­мы­ның сенімін арқалайтын құ­жат. Сондықтан «Халал Даму» ЖШС тарапынан кәсіпорындар мен мекемелерді тексеру кезінде кәсіпорынның қызметі, тағам өнімдерінің құрамы халал талап­тарына сай болуына, құжаттары­ның дұрыстығына, үнемі қада­ғаланып, тексеріліп отыруына аса мән беріледі.
«Халал Даму» ЖШС қызметкерлерінің құрамында ҚМДБ-ның пәтуә бөлімі, сарапшы-эксперт, технолог, бақы­лау­шы-инспектор және өңірлік сарапшы мамандары бар. 
Кәсіпорындарды, меке­мелерді сертификаттау бекітілген стандарттар мен қатаң тәртіп бойынша жүзеге асады. Шариғат талаптарына негізделген стан­дарттар мен екіжақты келісім­шарт ережелерінің бірі – бұзылған жағдайда кәсіпорынға ең әуелі айыппұл салынса, қайталанған жағдайда сертификаты тартып алынады және ҚМДБ-ның қара тізіміне енгізіледі.
Ал халал атауымен ере­жеге сай емес өнімдерін шы­ғарып жатқан кәсіпкерлерге кел­сек, олардың бұл әрекетіне тыйым салу тек мемлекеттің толық құзы­реті бар. Сондықтан шынайы халал азық-түлік алам деуші мұсылман бауырлар өнімнің «халал», «мусульманский» т.б. атауына емес, ҚМДБ-ның таң­басы мен сертификатының бары­на назар салғаны жөн.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай және кейбір мәселелер мем­лекет тарапынан қандай заңдар арқылы шешілгелі жатыр? Таза өнім­дерімізге шетелдіктер тара­пынан сұраныс бар ма?
– Алдымызда мынадай мін­деттер тұр: «Халал Даму» ЖШС Малайзияның Jakim ұйы­мының аккредитациясынан өткізу. Биылғы жылдың желтоқ­сан айында Jakim ұйымымен бірлесіп жұмыс жасайтын МSU малай­зиялық университет ма­манда­рының елімізде семинар, оқу жұмыстарын жүргізу арқылы халал-аудиттерді, мамандарды даярлау. Халал стандарттау бойынша оқулықтар дайындау. Нұр Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне және медресе колледждерге «Халал стандарттау» пәнін енгізу.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда халақ өнімдердің стандарттары қалыптасты деуге болады. Ендігі жерде арнайы рұқсаты бар меке­мелер өз аттарына сын айтқызбау үшін нақты жұмыстар істеуі керек. 
«Басқа амандық, асқа адал­дық» тілейтін көреген халықпыз ғой. Сондықтан дастарқанға қойылар астың адалдығы деннің саулығына ғана берілетін кепілдік емес, бұл қонақтарға көрсетілер құрмет те болуы керек. Халал – харам өнімнен әркез биік тұрады. Осынысымен кез келген адамның назарын аударады. Осы тұрғыда алдағы «ЭКСПО – 2017» бары­сында да қазақстандық халал өнімдеріміз­бен мақтануға Алла нәсіп етсін.

“Айқын”

рет оқылған